Жерлерді ұтымды пайдалану мәселесі бойынша

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 65-бабына сәйкес, жер телімдерінің меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға құқылы.

Жер телімін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау жер заңнамасын бұзу болып табылады.

Сонымен қатар, Жер кодексінің 92-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер телімін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына:

1) егістікте – жер телімін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін өңдеу жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуі;

2) шабындықтарда – екі жылдан астам жер телімінде шөп шабудың жүргізілмеуі, оны арамшөптердің, бұталардың, шіліктердің басып кетуі және шөп бітіктігі жұтаңдануының өзге де белгілерінің болуы;

3) жайылымдарда – екі жыл бойы жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болуы және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы;

4) көпжылдық екпелерде – егісті күтіп өсіру, жинау жұмыстарының жүргізілмеуі және есептен шығарылған көпжылдық екпелердің тамырларының алынбауы жатады.

Ағымдағы жылы жер телімдерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбауына байланысты жалпы алаңы 12,3 мың га ауыл шаруашылығы нысанындағы 26 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. 6 жер пайдаланушыға жер салығының 10 есе арттырылуы қолданылды.

Жер телімін мәжбүрлеп алып қоюды болдырмау үшін оны пайдаланбауына байланысты барлық жер пайдаланушыларға ауыл шаруашылығы нысанындағы жерлерді тиімді және ұтымды пайдалануды ұсынамыз.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы малдарының шекті санын жайылымның жалпы алаңынан арттыру айыппұл ретінде әкімшілік жаза көзделген жерлерді ұтымсыз пайдалану фактісі болып табылады.

 

 

«Екібастұз қаласы әкімдігінің

жер қатынастары бөлімі» ММ