Мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі

Мемлекеттік қызметке кіру тәртібі «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 10 наурыздағы № 357 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметті өткеру тәртібі туралы ережемен реттеледі

Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуы ол тиісті бос тұрған лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сай келген жағдайда, мемлекеттік қызметшінің және уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімімен конкурстық іріктеусіз ауысу тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
Өз өкiлеттiгiн доғарған, терiс себептермен доғарғандарын қоспағанда, және қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға конкурстық iрiктеусiз орналасу құқығы бар. Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу тәртібін Қазақстан Рееспубликасының Президенті айқындайды.
Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде төмендегідей талаптар қойылады («Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының 13-бабы). Мемлекеттік қызметші:
1) Қазақстан Республикасының азаматы болуға;
2) егер Республиканың заңдарында тиiстi лауазымдар жөнiнде өзгеше белгiленбесе, жасы он сегiз жастан кем болмауға;
3) қажеттi бiлiмi, кәсiби даярлық деңгейi болуға және белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.

«Мемлекеттік қызмет бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Заңы 2013 жылғы 26 наурызда күшіне енді.