АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІН РЕСІМДЕУ ТӘРТІБІ

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 101-бабына сәйкес, жер учаскелері шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына – уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу (маусымдық жайылымдар) үшін уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен осы Кодекске сәйкес беріледі.

          Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 36-бабына сәйкес, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен шалғайдағы мал шаруашылығы (маусымдық жайылымдар) үшін және тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшін берілуі мүмкін.

         Шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауылшаруашылығы мақсатында жер учаскелеріне құқық конкурстарда ұсынылады.

         Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, жер учаскесіне құқық беру тәртібі 43-бабымен регламенттеледі.

         Мемлекеттік меншіктегі жерден жер учаскесіне құқық беру мынадай тәртіппен жүргізіледі:

         1)  жер учаскелеріне меншік және (немесе) жер пайдалану құқықтарының өздеріне берілуіне мүдделі жеке және заңды тұлғалар, жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органға өтініш береді. Өтініште: жер учаскесін пайдалану мақсаты; оның болжамды көлемі; орналасқан жері; сұралып отырған пайдалану құқығы; басқа жер учаскесінің (жер учаскелері бойынша) болуы (болмауы) көрсетілуге тиіс;

         2) тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын комиссияның жер учаскесін беру туралы қорытындысын дайындауы;

         3) жерге орналастыру жобасын әзірлеу және бекіту;

         4) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдауы;

         5) сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу;

         6) жергілікті жердегі жер учаскесінің шекарасын белгілеу;

         7) елді мекен шегінде объектілер салуға арналған жер учаскесін қоспағанда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру.

 

«Екібастұз қаласы әкімдігінің

жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі