62-тарау. ШАРУА НЕМЕСЕ ФЕРМЕР ҚОЖАЛЫҚТАРЫ ҮШІН АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМІ

      439-бап. Жалпы ережелер

      1. Шаруа немесе фермер қожалықтары мынадай салық салу режімдерінің бірін дербес таңдауға құқылы:
      1) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режімі;
      2) шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режімі;
      3) жалпыға бірдей белгіленген тәртіп.
      1-1. Шаруа немесе фермер қожалықтары, бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген кезде:
      1) жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жиынтық алаңы мыналар үшін:
      Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін – 3 500 га;
      Атырау, Маңғыстау облыстары үшін – 1 500 га;
      Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары үшін – 500 га, топырақ-климаттық аймақтардағы шөлді және тау бөктеріндегі шөлді-далалық жерлерінде орналасқан аудандарда (Бетпақ Дала, Балқаш көлі маңындағы құмдар) 1500 га болып белгіленген жер учаскесінің шекті алаңынан аспаса;
      2) осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызмет түрлерін ғана жүзеге асырса;
      3) қосылған құн салығының төлеушілері болып табылмаса, шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданады.
      2. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимi бiрыңғай жер салығын төлеу негiзiнде бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртiбiн көздейдi және акцизделетін тауарларды өндiру, қайта өңдеу және өткізу жөнiндегi қызметтi қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндiру, өзi өндiрген ауыл шаруашылығы өнiмдерiн, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін қайта өңдеу және оны өткiзу жөнiндегi шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметiне қолданылады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде шаруа немесе фермер қожалықтарына арнаулы салық режимін қолдану құқығы беріледі.
      Ескерту. 439-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.01.21 N 242-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 N 297-IV(2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2014 № 257-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.