387-бап. БАЗАЛЫҚ САЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕЛЕРІН ТҮЗЕТУ

1. Автотұрақтарға (паркингтерге), автомобильге май құю станцияларына бөлінген (бөліп шығарылған) және казино орналасқан жерлерді қоспағанда, жергілiктi өкiлдi органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргiзiлетiн жерлердi аймақтарға бөлу жобалары (схемалары) негiзiнде жер салығының мөлшерлемелерін осы Кодекстiң 379, 381 және 383-баптарында белгiленген жер салығының базалық мөлшерлемелерінің 50 пайызынан асырмай төмендетуге немесе жоғарылатуға құқығы бар.
      Бұл ретте жекелеген салық төлеушiлер үшiн жер салығының мөлшерлемелерін жеке-дара төмендетуге немесе жоғарылатуға тыйым салынады.

1-1. Жергілікті өкілді органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге осы Кодекстің 378-бабында белгіленген жер салығының мөлшерлемесін жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде он еседен асырмай жоғарылатуға құқығы бар.

2. Мынадай төлеушiлер салықты есептеген кезде тиiстi мөлшерлемелерге 0,1 коэффициенттi қолданады:

1) балаларды сауықтыру мекемелерi;

2) дiни бiрлестiктердi қоспағанда, осы Кодекстiң 134-бабында айқындалған заңды тұлғалар;

3) осы Кодекстiң 135-бабының 2-тармағында айқындалған заңды тұлғалар;

4) қызметiнiң негiзгi түрi ормандарда өртке қарсы жұмысты ұйымдастыру, өртке, орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес, табиғи биологиялық ресурстарды ұдайы молайту және ормандардың экологиялық әлеуетiн арттыру жөнiндегi жұмыстарды орындау болып табылатын мемлекеттiк кәсiпорындар;

5) балықты ұдайы молайту мақсатындағы мемлекеттiк кәсiпорындар;

6) ғылыми кадрларды мемлекеттiк аттестаттау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорын;

7) психоневрологиялық және туберкулез мекемелерi жанындағы емдеу-өндiрiстiк кәсiпорындар.

3. Осы Кодекстiң 135-бабының 3-тармағында және 135-1-бабының 1-тармағында айқындалған заңды тұлғалар салықты есептеу кезінде тиiстi мөлшерлемелерге 0 коэффициентiн қолданады.

3-1. Алып тасталды - ҚР 2014.06.12 № 209-V (2015.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

3-2. Технологиялық парктер Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамалық актісінде көзделген қызметтің негізгі түрін жүзеге асыру үшін бөлінген жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде жер салығының тиісті мөлшерлемелеріне 0,1 коэффициентін қолданады.

Осы тармақтың ережелерін бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін:

1) Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасына сәйкес құрылған;

2) осындай технологиялық парктердің жарғылық капиталы немесе акциялары (қатысу үлестері) құнының елу немесе одан астам пайызы технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институтына тиесілі технологиялық парктер қолдануға құқылы.

3-3. Осы Кодекстің 135-3-бабы 1-тармағы 1) тармақшасы екінші абзацының талаптарына сай келетін заңды тұлға халықаралық мамандандырылған көрме объектілеріне бөлінген және халықаралық мамандандырылған көрменің аумағында орналасқан жер учаскелері бойынша жер салығын есептеген кезде жер салығының тиісті мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолданады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы Кодекстің 135-3-бабы 1-тармағының үшінші абзацында көрсетілген заңды тұлғаларға жер учаскесі немесе оның бір бөлігі (онда орналасқан үйлермен, ғимараттармен, құрылыстармен бірге не оларсыз) жалға, өзге де негіздерде пайдалануға тапсырылған жағдайларды қоспағанда, жер учаскесі немесе оның бір бөлігі (онда орналасқан үйлермен, ғимараттармен, құрылыстармен бірге не оларсыз) жалға, өзге де негіздерде пайдалануға тапсырылған жағдайларда қолданылмайды.

Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу аяқталған салық кезеңінен кейінгі салық кезеңдеріне қолданылмайды.

4. Егер осы баптың 4-1-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы баптың 2-тармағында көрсетілген жер салығын төлеушiлер жер учаскесiн немесе оның бiр бөлiгiн (онда орналасқан үйлермен, ғимараттармен, құрылыстармен бiрге не оларсыз) жалға, өзге де негiздерде пайдалануға беру немесе оларды коммерциялық мақсаттарда пайдалану кезiнде салықты 0,1 коэффициентті қолданбай, осы Кодекстің 55-тарауында белгiленген тәртіппен есептейдi.

4-1. Осы Кодекстің 135-бабының 2-тармағында айқындалған заңды тұлғалар жер учаскесін немесе оның бір бөлігін (онда орналасқан үйлермен, ғимараттармен, құрылыстармен бірге немесе оларсыз) жалға, өзге де негіздерде пайдалануға беру кезінде осындай объектілер бойынша жер салығын есептеу мен төлеуді осы баптың 2-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша жүргізеді.

Осы тармақтың ережелері жалға алынғаны, пайдаланылғаны үшін төлемақысы мемлекеттік бюджетке түсетін, жалға, өзге де негіздерде пайдалануға берілген жер учаскелері бойынша қолданылады.

5. Қызметiн арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асыратын ұйымдар жер салығын осы Кодекстiң 17-тарауында белгiленген ережелердi ескере отырып есептейдi.

6. Осы Кодекстiң 381-бабы кестесінің 23 – 26-жолдарында белгіленген мөлшерлемелерден басқа, объектілер салуға арналған және тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелері бойынша, осы Кодекстiң 381-бабында белгіленген базалық салық мөлшерлемелері уәкілетті орган меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану қажеттігі және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жою қажеттігі туралы жазбаша ескертуді табыс еткен күннен бастап он есе ұлғайтылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Жер учаскелерін анықтау және уәкілетті мемлекеттік органдардың салық органдарына осындай жер учаскелері бойынша мәліметтер ұсыну тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

Ескерту. 387-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.30 № 297-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.19 N 395-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.09 N 535-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 151-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 N 152-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 9-б. қараңыз); 07.03.2014 N 177-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 2014.06.12 № 209-V (2015.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледі); 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптан қараңыз) Заңдарымен.